Әубәкіров Нұрлыбек Маманұлы

филология ғылымдарының кандидаты, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры.

1976-1986 жж. Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданына қарасты Кеңащы орта мектебінде білім алды. 1986 жылдың қыркүйегінен 1987 жылдың қараша айына дейін жоғарыда аталған мектептің шаруашылық жөнінде меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1987-1989 жж. Совет әскері қатарында болды. 1995 ж. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институты «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша,  2001 жылы «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша «Болашақ» Қарағанды актуалды білім беру институтын тәмамдады. 1996–2003 жылдары Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және «Лингва» тіл және аударма институтының әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет істеді. 2003 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасына аға оқытушылыққа қабылданды. 2008 жылдың 24 желтоқсанында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2009-2024 жылдары ҚарМТУ Ш. Құдайбердіұлы атындағы «Тілдердің үштұғырлығы» орталығының директоры сонымен қоса 2014-2020 жылдары ҚарМТУ қызметкерлері мен оқытушыларының кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін қатар атқарды.

Халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференция жинақтарында 50-ден астам ғылыми мақала шығарған, оның ішінде Scopus дерекқорына кіретін журналда 2 мақала, авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы 3 куәлік, 3 монография, 4 оқу құралы және 6 естелік кітаптың авторы.

«ҚР ЖОО-ның 2018 жылдың үздік оқытушысы» атағының иегері, Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төс белгілерімен, Қарағанды облысы әкімінің, Қарағанды облысы тілдерді дамыту басқармасының және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректорының «Құрмет грамоталарымен» марапатталды